By : admin

Источник: nur.kz

Бүгін Астанада тірідей өртеніп, қайтыс болған бес бірдей қыз баланың өлімі жұртты дүр сілкіндірді. Ата-аналары түнгі ауысымда жұмыс істеуге кеткенде қаза тапқан балалар 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылдары туылған. Олардың ең үлкені — Альбинаның Аяз атаға жазған хаты әлеуметтік желіде тарап кетті хабарлайды NUR.KZ.

Мектеп оқушысының жазған хаты мен өз үйін бейнелеген суретін Артур Мағзомов есімді Facebook қолданушысы жариялаған.

"Өткен түнде өрттен көз жұмған 5 балапанның үлкені Альбинаның аяз атаға жазған хаты. Мектептен алдық. Тап-тар жерді пана қылған балалардың отқа оранған кереуеттері ғана қалыпты. Альбина бір суретінде өзінің үйін салыпты. Өртенген үйдің де сиқы осындай. Шатыры жоқ", — деп жазды Артур Мағзомов.

13 жасар жеткіншек өзінің тәртіпті оқушы болғанын, ата-анасының сөзін екі еткізбегенін айта келе, Аяз атадан сыйлыққа планшет сұраған.

Сондай-ақ, мектеп оқушысы өзінің Аяз атаға сенетінін де жазыпты.

Естеріңізге сала кетейік, 4 ақпанда Астанадағы аудандардың бірінде кенеттен шыққан өрттен бес бала қаза тапты. Оқиға болған сәтте олардың ата-аналары үйде болмаған.

Қала әкімі сол түні болған жағдайдың мән-жайын анықтап,тексеру жүргізуді тапсырды.

Ал Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жапа шеккен жанұяға үйдегі өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылғаны ескертілген.

Добавить комментарий