By : admin

Источник: nur.kz

Алматылық Сәндібек Жұманиязов достарымен "гәп" ойнап, жиналған ақшаға кіші қажылыққа барып қайтқан деп жазады "Замана" басылымы.

Алматылық тұрғындар халық арасында кеңінен таралған "гәп" ойынын игі мақсатта ойнап жүр. Олар жиналған ақшаға кіші қажылыққа баруды әдетке айналдырыпты.

"Осы ойынды бастағалы умраға бара алатынымызға барлығымыз қуандық. 20 жігіт айына 10 мың теңгеден жинап, төрт ай тол­ғанда өзара жеребе тастаймыз. Сөйтіп жеребе арқылы анықталған екі кісіге жиналған 800 мың теңгені екіге бөліп беріп, сауапты сапарға шығарып саламыз. 400 мыңның 370 мың теңгесі кіші қажылыққа толық жетеді. Аллаға шүкір, бүгінде 14 адам мұсылмандық парызын өтеді", — деді Сәндібек Жұманиязов.

Кіші қажылыққа барғанда бір топта 50 шақты адам болады екен.

"Өткен жылы умраға бардым. Меккеде 11 күн аялдадық. Біз жүгінген турфирманың маманы біздерге не істеу керектігін, қай уақытта қайда бару керегін жақсылап түсіндіріп, өзі бірге алып жүрді. Қағбаға қарай бет алғанымызда басымызды төмен салып жүрдік. Өйткені бірінші рет барғандар солай етуі керек екен", — деді алматылық жігіт.

Бір умра жасауға 2 – 2,5 сағат кететінін айтқан Сәндібек Жұманиязов, оны еш қиындықсыз өткенін жеткізді. 15 күнде алған әсерін сөзбен жеткізе алмайтынын айтты.

"Оны көру керек, сезіну керек. Алла әрбір мұсылманға кіші қажылық болса да парызын өтеуді нәсіп етсе екен. Себебі жер бетінде бұдан асқан нәрсе жоқ", – дейді Сәндібек.

Добавить комментарий